Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке үстеме бағаны асырып жіберген ірі сауда желілеріне айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Алматы қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 15 пайыздық шекті мөлшерден артық сауда үстемесін қойған компаниялардың «қара тізімін» жариялады. Бұл тізімде елге кеңінен танымал ірі дүкендер бар: Small, Жей Эль Си (JLC), Галмарт (Galmart), Тоймарт (Toimart), А-стор (A-store), Май Март (My Mart), Беккер, Кеарфуд (Carefood).
Айыппұл алғандардың ішінде «Метро» сауда желісі де бар. «Метро Кэш энд Керри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл заңбұзушылық үшін екінші рет жазаланып отыр. 2024 жылы да дәл осындай үстеме бағаны асырып жібергені анықталған болатын. Екі жағдайда да компания сот арқылы айыппұлды жоюға тырысқанымен, нәтиже шықпады.
Басқа заңбұзушылар қатарында: Фуд Беверидж Трейдинг (Food Beverage Trading), Айрба Фреш (Airba Fresh), Гуд Лак Трейд (Good Luck Trade), Микс Маркет Трейд (Mix Market Trade) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
Жалпы алғанда, жоспардан тыс жүргізілген тексерістердің нәтижесінде 420-дан астам кәсіпкер мен заңды тұлғаға 32 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қымбаттатып сатудан әлдеқайда көп пайда тапқан болуы мүмкін.
Қазір департамент үй маңындағы шағын дүкендерді де тексеріп жатыр. Олар да бағаларды негізсіз көтеріп отырғаны анықталса, тиісті шара қолданылады.