100 миллион еуро - Швецияның Украинаны кезекті қолдауы

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Швеция Украинаға қысқы кезеңде көмек ретінде қосымша қаржы бөледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Швеция үкіметі Украинаға қыс мезгілінде қолдау көрсету үшін қосымша 1 миллиард 112 миллион швед кронын (шамамен 100 миллион еуро) бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы 2 желтоқсан, сейсенбі күні ресми түрде хабарланды.

Бөлінген қаражат елдің ең өзекті қажеттіліктеріне жұмсалмақ:

  • энергетикалық жүйені қамтамасыз ету;
  • Ресей шабуылдарынан зақымданған азаматтық инфрақұрылымды қалпына келтіру;
  • реформаларды жүзеге асыру;
  • денсаулық сақтау саласын қолдау.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС

Қарашаның басында украиналық «Экономикалық шындық» басылымы үкіметтегі дереккөздерге сүйене отырып, Украина бірнеше күн ішінде 1 гигаватт электр қуатын жоғалтқанын хабарлады. Бұл жағдай жарықтың 12 сағаттан астам уақытқа өшуіне әкелуі мүмкін.

Коммуналдық қызмет тұтынушылары одағының басшысы Олег Попенко алдағы қыс «өте ауыр» болатынын ескертті. Оның айтуынша, төмен температура кезінде газ беруде шектеулер болуы ықтимал.

«Көпқабатты үйлерде әдеттегі 17-22 градус емес, 12-14 градусқа дейін төмендеп, қысым азаяды, тіпті газды толық өшіру жағдайы да болуы мүмкін», – деді ол украиналық YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Швецияның жаңа қаржылай көмегі осы тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

ШВЕЦИЯНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Ресейдің толыққанды басқыншылығы басталғаннан бері Швеция Украинаға белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Үкіметтің мәліметінше, Стокгольм осы уақытқа дейін Украинаға жалпы көлемі шамамен 10 миллиард еуро қаржы бөлген.