Ашық сахналар қиылып тасталады - ЛГБТ насихатына қатысты заң

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда фильмдерден ашық ЛГБТ насихатына қатысты көріністерді алып тастау ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Сенаттағы әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында мәлімдегендей, Қазақстанда заңға өзгерістер енгізу аясында фильмдерден ЛГБТ насихатына байланысты ашық көріністерді кесіп тастау ұсынылды.

Бұл түзету «Архив ісі және заңға қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылып жатыр. Құжатта ЛГБТ насихатына тыйым салу да көзделген.

Кочетовтың айтуынша, министрлік қазір киноиндустрия өкілдерімен контентті реттеу тетіктерін талқылап жатыр.

«Біз өз ұстанымымызды білдірдік: мұндай мазмұн кездесетін фильмдерді арнайы санаттарға бөлу қажет», – деді ол.

Шенеуніктің сөзінше, бұл жүйе фильмдерге берілетін прокат куәліктері арқылы және заңға қайшы контентті реттеу арқылы іске асуы мүмкін. Алайда нарық өкілдері басқа тәсілді ұсынған.

«Кино нарығының пікірінше, фильмдерді санаттарға бөлгеннен гөрі, ашық әрі айқын көріністерді мүлде алып тастаған жеңіл болады», – деп түсіндірді Кочетов.

БҰҒАН ДЕЙІН

Мәжіліс жұмыс тобы ЛГБТ және педофилияны насихаттауға қарсы заң жобасын қолдап шықты. Құжатта қылмыстық жауапкершілік қарастырылмағанымен, әкімшілік айыппұлдар енгізілмек.

Құжатта мұндай әрекеттерде қылмыстық құрам болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, БАҚ-та немесе әлеуметтік желілерде ЛГБТ-ны насихаттайтын мазмұн таратқандарға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, 40 АЕК немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу шарасы көзделген.