Қазақстан әлемдегі тұрмыстық газ ең арзан саналатын елдердің бірі болып отыр. Одан төмен баға тек Алжир мен Түрікменстанда. Сарапшылардың айтуынша, елдегі тауарлық газдың 75 пайызын ТШО, КПО және НКОК компаниялары өндіреді. Алайда қыс маусымында тұтыну көлемі артатындықтан, Қазақстан экспорттаушыдан уақытша импорттаушыға айналады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қыс мезгіліндегі тәуекел
Energy Monitor сараптамалық арнасы газдың жылу, электр энергиясы және негізгі инфрақұрылым жұмысы үшін шешуші ресурс екенін атап өтті. Оның пікірінше, дәл осындай маусымда Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуыл энергетикалық жүйені әлсіретуі мүмкін.
Арна авторларының сөзінше, қысқы кезеңде газдың рөлі ерекше.
- Біз Ресей мен Түрікменстаннан импорттауға мәжбүр боламыз. QazaqGaz-дың субсидиялық шығындарының арқасында халық тапшылықты сезбеуі мүмкін. Бірақ көрші елдер газ жіберуді шектесе не болады?, – дейді сарапшылар.
Сонымен қатар, олар «Дружба» мұнай құбырының оңтүстік тармағы – Ресей мұнайы Украина арқылы Еуропаға жөнелтілетін бағыт – шабуылдан зардап шекпегенін ерекше атап өтті.
КҚК-ҒА ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ
29 қараша күні таңертең Каспий құбыр консорциумы терминалына теңіз акваториясында жатқан нысанға белгісіз әуе құралдары шабуыл жасады. Нәтижесінде ВПУ-2 айлақ құрылғысы зақымдалған. Жарылыстан кейін терминал жұмысы тоқтатылып, танкерлер акваториядан шығарылды.