Ресей Қазақстанмен суды бөліспейтін болды

Сырым Қаржас
newgrodno.by

Ресей Қазақстанға Сібір өзендерінен су беру идеясынан айнып қалған. Мұндай пікірді ресейлік беделді ғалымдар айтып, оның орындалуына кедергі келтіретін бірнеше себепті атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қараша айының ортасында Ресей ғылым академиясы Сібір өзендерінің ағысын Орталық Азияға бұру жобасын қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. Жоба Қазақстан мен Өзбекстанға су жеткізу үшін жабық құбыр жүйесін салуды көздеген. Алайда ресейлік сарапшылар бұл бастаманың өміршеңдігіне күмән келтіріп отыр, деп жазады asiaplustj.info. Олар экономикалық әрі саяси кедергілердің бар екенін айтады.

САРАПШЫЛАР

Ресей халықтар достығы университетінің экология және су ресурстарын кешенді пайдалану кафедрасының профессоры Михаил Болгов бұл жобаға қаржы табылмайтынын алға тартты.

- Менің ойымша, бұл идея жақын арада жүзеге аспайды. Себебі жобаға инвестор жоқ. Біз техникалық есептеулерді жасай аламыз, қажет болса, тіпті жобаны сала да аламыз. Бірақ оны кім қаржыландырады және салдары қандай болады – экономикалық, экологиялық жағынан – белгісіз. Бәрі 1986 жылғы деңгейінде қалып отыр, – дейді профессор.

Ал Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Су және экологиялық мәселелер институтының су экологиясы зертханасын басқаратын Владимир Кириллов жобаның саяси тұрғыдан да мүмкін еместігін айтты.

- Қазіргі уақытта бұл жоба саяси себептерге байланысты шындыққа жанаспайды. Мен реалист адаммын және айтарым – бұл өңірге қатысы бар елдер бүгін мұндай келісімге келмейді. Әрине, Орталық Азия мен Ресей бірігіп Обь өзенінің ағысын зерттеп, оның бір бөлігін осындай жобаларға пайдалану мүмкіндігін қарастырса жақсы болар еді. Бірақ бүгінгі болжамым біреу – бұл жоба жүзеге аспайды, – дейді Кириллов.

ЖОБА ТУРАЛЫ

Әңгіме солтүстік өзендердің ағысын – Солтүстік Двина мен Печораны Приазовьеге, ал Сібірдегі Обьті Арал теңізіне қарай бұру жөніндегі бастама туралы болуы мүмкін. Ресей ғылым академиясы мұндай жобалардан Кеңес Одағы кезеңінде-ақ экономикалық тиімсіздігі себепті бас тартқанын еске салды.