Бишімбаев балаларының өздігінен шетелге шығуына тыйым салған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қахарман балалардың құжаттарына қатысты даудың қайта ушыққанын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында бұрынғы күйеуі балалардың еркін жүріп-тұруына шектеу қоюға әрекеттеніп отырғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Назым Қахарманның сөзінше, былтыр олар Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру жөнінде соттасқан кезде сот экс-министрге сенімхат рәсімдеуді міндеттеген.

– Бір жыл бұрын сотта оның құқықтарынан айыру мәселесі қаралған еді. Сол кезде сот оған сенімхат беруді міндеттеді. Ол оны мәжбүрлі түрде жасады. Сенімхат тура 10 ай ғана күшінде болды. Тамыз айының соңында ол оны толық кері қайтарып алды, – дейді Қахарман.

Оның айтуынша, бұл әрекетпен тоқтап қалмаған Бишімбаев енді балалардың атына берілген келісімді де қайтарып, олардың өз бетімен шетелге шығу мүмкіндігін шектеген.

– Енді ол балалардың өздері сапарға шығуына рұқсат беретін келісімді де кері қайтарып жатыр. Яғни, балалардың елден шығуына тосқауыл қоюға тырысып отыр. Меніңше, ол осылайша мені және балаларды қысымға алып, өзіне қажетті қарым-қатынас орнатуға мәжбүрлемек, – дейді Назым Қахарман.

Сонымен қатар, Бишімбаев сотқа балалармен қарым-қатынастың тәртібін анықтау туралы талап арыз түсіргенін де атап өткен. Қахарманның айтуынша, бұрынғы күйеуі оны балаларды әкесінен әдейі алшақтатып, араластырмай отыр деп айыптайды.

– Ол мені балалардың онымен сөйлесуіне кедергі келтіреді деп көрсеткісі келеді. Мен оны “қаралап жатыр” деген уәж айтады, – дейді ол.

Қазіргі таңда тараптар арасындағы дау құқықтық деңгейде жалғасуда.

АЛИМЕНТ

Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаев балаларына алимент төлемей жүргені хабарланған еді. 

НАЗЫМНЫҢ СҰХБАТЫ

Еске салайық, Назым Қахарман Ұлысмедиа порталының YouTube-арнасына арнайы сұхбат берген болатын.