Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи отандық тауар өндірушілер туралы өткір мәселені көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бапидің сөзінше, өңірлерді аралау кезіндегі депутаттарға айтылатын күрделі мәселенің бірі отандық өндіріс пен тауар өндірушілерді қолдау мәселесі үкімет тарапынан әлі шешілмей келеді.
- Осы орайда Қанат Бозымбаевқа сұрағым, мемлекеттік несиелік бағдарламалардың көмегімен салынған өндірістік кәсіпорындар 40-50 пайыздан аспайтын қуатта жұмыс істеуде. Бюджет есебінен салдырып, ол кәсіпорындарды нарыққа лақтырып жібереміз. Мысалы “Даму” және басқа да қорлардың көмегімен салынған ет комбинаттары мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан жартылай ғана жұмыс істеуде. Есесіне нарықты Ресей мен Беларусьтің азық-түліктері жаулап алған. Ит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Ұят қой мынау. Ал біздің өндіріс тоқтап тұр. Сорақылық қой. Май өндірген қазаққа өз өндірісімізді қолдамай, сыртта, делдалдардың көмегімен сары май тасып отырмыз. Үкіметтің осы тұрғыда ұстанымы қандай?, – дейді депутат.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев депутаттың сұрағына ұзақ күрсініп қалды.
- Бұл мәселеге бір сөзбен жауап қайтара алмайсың. Бұл әңгіме экономикалық күрделі мәселеге жатады. Егер біздің отандық тауар өндірушілер ішкі нарықта бәсекеге сай болса, ол неге тоқтатылады? Мысалы сүтке қаншама субсидия беріліп жатыр? Бірақ әлі күнге дейін ішкі нарықты жүз пайыз қамтып отыр деп айта алмаймыз. Тиісті жоспарлар бар. Министрлік заңға тиісті өзгерістерді енгізіп, отандық тауар өндірушілер реестрі деген порталға кім қандай өнім шығаратыны туралы ақпарат енгізіледі. Қайта жаңғырту бойынша үлкен жобаны қолға алып отырмыз. Жоба бойынша отандық тауар өндірушілер болса, мердігер соның тауарын тиісті желілер бойынша сатып алып, тиісті жабдықтарды енгізетін болады. Бұл мәселе халықаралық шарттарға әлі сай келмей жатыр. Оған қарамастан қолға алып жатырмыз. Жалпы әр тауар туралы жеке ұстаным болуы керек, – дейді Қанати Бозымбаев.