«ЛГБТ насихатына тыйым салуды» көздейтін заң жобасы сенат күн тәртібінен алынды

Ulysmedia
Фото: senate.parlam.kz

Астанаға Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта келеді деген тұста Қазақстанда «ЛГБТ насихатына тыйым салуды» көздейтін заң жобасы сенат күн тәртібінен алып тастады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

КазТАГ агенттігінің жазуынша, заң жобасы бастапқыда сенатта талқыланатын мәселелер арасында болған. Бірақ көп ұзамай ол алынып тасталған.

«3 желтоқсан күні сағат 17:48-де сенат талқыланатын мәселелердің арасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және заңға қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы (бірінші оқылым) бар екені көрсетілген анонс таратқан.Алайда арада 2,5 сағат өткен соң БАҚ-қа жаңа анонс жолданып, даулы нормалар қамтылған бұл мәселе күн тәртібінен алынып тасталғаны белгілі болды», – деп жазды ақпарат агенттігі.

КазТАГ-тың жазуынша, брифингке қатысушылар тізімінен сондай-ақ ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен Айбек Сыдықовтың есімдері де алынған.

Контекст

4 желтоқсанда Астанаға Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта келеді. Бұған дейін Еуропа кеңесінің Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс КазТАГ басылымына сұхбат беріп, «ЛГБТ насихатына тыйым салу» туралы заң жобасының қабылдануына алаңдаушылық білдірген.

Мәжіліс «ЛГБТ насихатына тыйым салу» туралы заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдаған. Жоба авторларының түсіндіруінше, аталған түзетулер «ЛГБТ өкілдеріне қарсы бағытталмаған», «оларды насихаттауға» ғана тыйым салады.

Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан парламентін түзетулерден бас тартуға шақырған еді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсынылған түзетулер адам құқығын бұзып, елдегі ЛГБТИК+ өкілдеріне қатер төндіруі мүмкін.