Сенаторлар ойын автоматтарымен күреспек

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Сенат депутаттары мектеп оқушылары арасында танымал «хватайка» деп аталатын ойын автоматтарына сертификаттау енгізуді талап етіп отыр. Сенаторлардың пайымынша, мұндай ойын автоматтары отбасылық жанжалдарға, ақша бопсалау жағдайларына және ерте жастағы лудоманияға себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев арнайы кран арқылы заттарды іліп алу принципімен жұмыс істейтін ойын автоматтары желісінің қаптап кеткеніне алаңдаушылық білдірді.

— Бұл автоматтар жаппай білім беру, спорттық, дамыту орталықтары мен әлеуметтік нысандардың маңына, сондай-ақ ата-анасыз кіруге болатын сауда орындарының ішіне орнатылып жатыр. Ата-аналар мен мұғалімдерден балалар мен жасөспірімдердің бұл автоматтарға мектеп асханасына, жолына немесе күнделікті қажеттілікке берілген ақшаны жиі жұмсайтыны туралы көптеген шағым түседі. Бұл отбасылық жанжалдарға, материалдық шығындарға, сондай-ақ балалар арасындағы бопсалау жағдайларына алып келеді, — деді сенатор.

Оның айтуынша, бұл автоматтар ақша ұтпайтындықтан, құмар ойындарға жатпайды. Сондықтан олардың жұмысына, ұтыс алгоритмдеріне, жас шектеулеріне немесе орналастыру талаптарына қатысты нормалар қолданылмайды.

— Тағы бір алаңдатарлық мәселе — автоматтардағы ойыншықтардың сапасы. Бүгінде олардың қауіпсіздігі, шығу тегі немесе балаларға арналған санитарлық талаптарға сәйкестігіне қатысты міндетті тексеру механизмі жоқ, — деді ол.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ

Сенатор бұл олқылықтың орнын толтыру керегін айтады.

— Жеңіске жету ықтималдығының төмендігі, бағасының дұрыс көрсетілмеуі, ақшаны қайтару тәртібінің болмауы, ұтысқа әсер ететін тетіктердің қасақана әлсіретілуі сияқты фактілер жиі кездеседі. Сонымен қатар, мұндай автоматтар дофамин өндірілуін арттырып, ойынды жалғастыруға деген құмарлық тудырады. Ұлыбританияда мұндай автоматтар төмен мөлшерлі ойын құрылғысы ретінде сертификатталады, ал АҚШ-тың кейбір штаттарында тек механикалық ілгіш қолдануға рұқсат беріледі, жеңіс мүмкіндігі арнайы заңмен реттеледі. Еуропалық одақта бұл автоматтар ойын жабдығы ретінде техникалық аудиттен өтеді. Жапония мен Оңтүстік Кореяда жас шектеулері, орналастыру талаптары және техникалық тексеріс бар, — деп әлемдік тәжірибеден мысал келтірді Ғалиасқар Сарыбаев.

ҰСЫНЫС

Қазақстандық жасөспірімдерді сапасыз ойыншықтар мен ойынға тәуелділіктен қорғау үшін Сарыбаев қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, бұл аппараттарды «ақшалай ұтыссыз ойын автоматтары» деген жеке санатқа шығаруды ұсынды.

— Сонымен қатар міндетті сертификаттау, техникалық реттеу, ұтыс алгоритмдерін бақылау, жеңіс ықтималдығын жасырын түрде өзгертуге тыйым салу және ойын құны мен жеңу мүмкіндігі туралы ашық ақпарат беру тәртібін белгілеу қажет, — деді ол.

Бұдан бөлек, сенаторлар «хватайкаларда» кәмелетке толмағандардың ата-анасыз ойнауына тыйым салуды, сондай-ақ оларды білім беру нысандары мен спорт алаңдарының маңына орнатуға шектеу қоюды ұсынды.