Қазақстан билігі анонимді Telegram-арналарға бақылауды күшейтпек

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарын реттеуге өзгеріс енгізетін заң жобасы әзірленуде. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Ол 29 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Мәдениет және ақпарат министрлігі заңнаманы жаңартуды және заңға қайшы контентке қарсы шараларды күшейтуді ұсынған. Мәселен, танымал анонимді Telegram-арналардың иелерін өз жеке басын жария етуге міндеттеу қарастырылған.

«Жоба онлайн-платформаларда бес мыңнан астам жазылушысы бар анонимді пайдаланушылардың тізімін енгізуді көздейді. Мұндай аккаунттардың иелері уәкілетті органға өздерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректерді ұсынуға міндетті. Деректер тізбесін министрлік айқындайды», – делінген жоба мәтінінде.

Құжатта мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгілеу тәртібі, аудиовизуалды платформалардың жаңа жұмыс ережелері, операторларды лицензиялау, контент орналастыру талаптары және реттеушінің өкілеттігін кеңейту тәрізді нормалар қамтылған.

Жобаға енгізілген жеке норма 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды ұсынады.

Сонымен бірге заң жобасында әкімшілік жауапкершілікке қатысты ережелер бар. Заңсыз фото-видео таратқан үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу қарастырылған. Онлайн-платформаларда немесе бұқаралық ақпарат құралдарында балағат сөздер қолданғаны үшін 20 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы көзделеді.

Бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева анонимді Telegram-арналарды сынға алған болатын. Оның айтуынша, көптеген платформалар жалған ақпарат пен порнография жариялайды.

Құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам өкілдері Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіге қатысты биліктің бақылауы күшейгенін айтады. Елде билікті сынайтын журналист, блогер, белсенділердің аккаунттеры бұғатталып, You Tube арналары түрлі себеппен жабылады. Жақында ғана журналист Асхат Ниязов пен Вадим Борейконың және саяси белсенді Санжар Боқаевтың Instagram парақшалары өшірілген.