Ұлттық банк теңгенің күшею себебін түсіндірді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазан айынан бастап теңге бағамы бірқалыпты күшейіп, доллар 499–500 теңге деңгейіне дейін түсті. Осылайша ұлттық валюта шамамен 9 пайызға нығайған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ұлттық банктің мәліметінше, мұнай бағасы барреліне 60 доллардан жоғары деңгейде. Сонымен қатар АҚШ Федералдық резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендету циклі доллар индексінің 8,3% әлсіреуіне әкелді, ал дамушы нарықтардың валюталары шамалас көлемде күшейген.

Бұл жағдай инвесторлардың Emerging Markets активтеріне, оның ішінде Қазақстанға қызығушылығын арттырды. Қазанның басынан қарашаның соңына дейін шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына портфельдік инвестициясы 1,1 млрд долларға өсіп, олардың жалпы портфелі тарихи максимумға — 3,6 млрд долларға жетті. Жыл басынан бергі өсім 1,5 млрд доллар болды.

Бұл үрдіс Қаржы министрлігінің қарыз алу құнын да төмендетті: желтоқсанда 9 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылығы 16,1%-ке дейін түсіп, қазан айындағы 17,2%-пен салыстырғанда айтарлықтай азайды.

НЕГІЗГІ ФАКТОРЛАР

Ұлттық банк шетел валютасының ішкі нарықтағы ұсынысының ұлғаюы теңгенің нығаюына тікелей әсер еткенін атап өтті. Бұған қоса, сыртқы қолайлы ахуал бұл әсерді күшейтті.

Теңгенің күшеюі импорттық инфляциялық қысымды төмендетіп, жалпы баға деңгейінің тұрақтануына көмектесіп жатыр. Қаржы реттеушісінің айтуынша, ұлттық валютаның нығаюы елдегі экономикалық саясаттың сапасының артқанын, макроорта болжамдылығының күшейгенін және халықаралық инвесторлардың сенімінің өскенін көрсетеді.

Ұлттық банк валюта бағамының еркін құбылуына негізделген саясатты ұстануды жалғастырады. Реттеуші алыпсатарлық белсенділіктің белгілерін байқамайтынын және валюталық интервенцияларға қажеттілік жоқ екенін мәлімдеп отыр.

- Нарықтағы жағдай тұрақты және бақылауда, – дейді Ұлттық банк өкілдері.