Путиннің некесіз қызы деп аталған Елизавета Розова Украинадағы соғысқа қатысы жоғын айтып, Ресей президентіне ықпал ете алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
«ТСН» украиналық журналистері Парижде Елизавета Розованы кездестіріп қалған. Кейбір БАҚ оны Владимир Путинмен байланыстырып, Елизавета Кривоногих деп атайды, деп жазады «Агентство». Журналистер оны L Gallery галереясының жанында көрген, Розова сол жерде ашылған көрменің дайындық жұмыстарына қатысқан.
Кездесу қыз үшін күтпеген әрі жағымсыз болды. Ол бетін орамалмен жауып, түсірілімге рұқсат бермегенін айтқан. Соған қарамастан, журналист сұрақтарды жаудырған. «Әкесінің» саясатына қатысты көзқарасын сұрағанда, Розова бұл жағдайға қатысы жоғын айтқан. Ал соғысты тоқтату үшін әкесімен байланысу мүмкін бе деген сауалға, ол «бұл мүмкін емес» деп жауап берді.
— Өкінішке қарай, мен еш көмектесе алмаймын. Өте өкінішті. Мен сізбен жеткілікті сөйлестім деп ойлаймын. Шынымен, болып жатқанның бәрі үшін қатты өкінемін. Бұл жағдай үшін мен жауапты емеспін. Сіз менімен сөйлесуге батылдық танытқаныңызға қуаныштымын, бірақ, өкінішке қарай, қолымнан ештеңе келмейді. Кешіңіз жақсы өтсін. Сау болыңыз», — деді Лиза әңгіме соңында.
РОЗОВА ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Бұған дейін журналистер Розованың Путиннің некесіз қызы екенін анықтаған. Әкесіне өте ұқсайтын бойжеткен Украина қалаларына Ресей шабуыл жасап жатқанда Францияда еркін өмір сүрген. Ресми түрде Путиннің екі қызы бар — Екатерина мен Мария. Олардың анасы мен Путин 30 жыл отасқаннан кейін 2013 жылы ажырасқан.