Әкімдерге жаңа сынақ: әкім болу қиындай ма

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, өткен аптада Астанада Қазақстан Республикасының Президенті барлық деңгейдегі әкімдермен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық саясаттағы жетістіктерді атап өткенмен, басқарушылық тәртіптің төмендігі мен сайлауалды бағдарламалардың орындалмауы сияқты мәселелерді де көрсеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әбішевтің пікірінше, Қазақстанда әлі тұрақты сайлау жүйесі қалыптаспаған. Яғни, сайлаушылар әкімдерді дауыс беру арқылы жазалауды үйренген жоқ.

— Жалпы көрініске қарасақ, әзірге оптимизмге себеп жоқ. Адамдар популистік бағдарламамен сайлауға түседі, халықтың сенімін ақтамайды да, не мерзімінен бұрын кетеді, не қайтадан сайлануға мүдделі болмайды. Ал күнделікті тіршілік қамымен жүрген сайлаушыларда әкімдерді дұрыс жұмыс істеуге мәжбүрлейтін азаматтық белсенділікке күш те, уақыт та жоқ, — дейді саясаттанушы.

БАСТАМА

Осыған байланысты Ғазиз Әбішев бірнеше ұсыныс айтты:

  • Біріншіден, әкімдікке үміткерлер сайлау науқаны басталмас бұрын арнайы тренингтерде республикалық және өңірлік даму жоспарларымен қол қойып танысуы тиіс.
  • Екіншіден, арнайы аккредитацияланған үкіметтік емес ұйымдар кандидаттардың бағдарламаларын нақты орындалу мүмкіндігі тұрғысынан талдауы қажет. Мысалы, егер барлық деңгейдегі бюджетте 30 шақырымдық жол салуға қаражат жоқ болса, бұл есепте ашық жазылуы тиіс.
  • Үшіншіден, сайлауалды бағдарламалардың орындалуы бойынша 100 күннен кейін және әр жылы міндетті түрде жария есеп беру өткізіліп, оған республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары шақырылуы қажет. Бұл есепті кейінге қалдыруға немесе тоқтатуға құқық берілмейді.