Қазақстанда хат алмасу да құжат ретінде есептелуі мүмкін

Сырым Қаржас
pixabay.com

Қазақстанда тұтынушыларды қорғау туралы жаңа заң жобасында маңызды норма пайда болды: мессенджерлердегі жазбаша келісімдер сатушы мен сатып алушы арасындағы шарттың толық бөлімі ретінде танылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

WhatsApp — құқықты қорғаудың құралы

Мұндай өзгеріс енгізілетіні жөнінде Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Instagram желісіндегі тікелей эфирінде айтты. Ол сатушы келісімшартта жазылмағанын сылтау етіп, өз уәдесінен бас тартуына жол берілмейтінін түсіндірді.

- Біз мұны келісімшартқа міндетті түрде енгіздік, әсіресе онлайн қызметтерде. WhatsApp-тағы кез келген сөйлесу, видеожазба, жарнама — бұлардың барлығы келісімнің бөлігі болады. Мысалы, Kaspi арқылы сөйлесіп, сен (сатушы) үш жыл кепілдік беремін дедің — оның бәрі келісім болып есептеледі. Хат алмасудың барлығы шартқа енгізіледі, — деп атап өтті Әбенов.

«Компаниялардың заңгерлері мықты»

Ұсынылған норма азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Бұл бизнеске өз пайдасына шартты өзгертіп, жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік бермеу үшін жасалып отыр.

- Біз бұны әдейі енгізіп отырмыз, себебі азамат қорғалуы тиіс. Көріп жүрміз: компанияларда мықты заңгерлер бар, ал адамдар қорғансыз, — деді депутат.

Сатушы уәдесін орындамаса, айыппұл салынады

Бұл өзгеріс сатушылардың орындалмаған уәделері үшін жазаны күшейтеді. Мұрат Әбеновтің айтуынша, бизнес үшін келісімді бұзу тиімсіз болуы керек.