Айбек Смадияров Сыртқы істер министрлігінің халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – ресми өкілі қызметінен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ол бұл туралы министрлікте өткен апталық брифингіде мәлімдеді. Ол бұл лауазымда 8 жыл қызмет еткен.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Бұл күнге дайындалдым, бірақ бәрібір дайын емеспін. Осы мінбердің басына шығып, жаңалық таратып отырғаныма 8 жыл болыпты. Біраз жылдан бері бірге жұмыс істедік. Әрине, әр брифинг алдында толқимын. Оңай сұрақ, оңай брифинг болған жоқ. Сіздерге көп рақмет, сіздермен бірге өзім де шыңдалдым, – деді ол журналистерге.
АНЫҚТАМА
Айбек Смадияров 1983 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2004 жылы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті-ін тәмамдаған.
Ол 2005 жылдан бастап қызмет жолын бастаған. СІМ-де түрлі дипломатиялық және ақпараттық қызметтерде — консулдық қызмет, елшілік хатшылығы, баспасөз қызметі, коммуникациялар департаментінің директоры сияқты лауазымдарда жұмыс істеген.