Тегін дәрі-дәрмектер тізіміне өзгеріс енгізіледі

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Алматы қаласы мәслихатында өткен сессияда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лайла Иманғалиева жергілікті бюджет есебінен тегін берілетін дәрілер мен медициналық бұйымдар тізіміндегі өзгерістерді таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Формулярлық комиссия үш жаңа препаратты енгізуді ұсынды:

  • Анифролумаб – жүйелі қызыл жегі диагнозы бар науқастарға. Бұрын қолданылған белимумаб жеткізілмей қалғандықтан, оны анифролумабпен алмастыру жоспарланып отыр. Бұл жаңа буын биологиялық дәрі аурудың белсенділігін төмендетіп, асқыну қаупін азайтады.
  • Тедуглутид – қысқа ішек синдромы бар бір балаға. Жылына 372 флакон қажет. Дәрі ішектің сіңіру қабілетін жақсартып, парентералды (тамыр арқылы) қоректенуге тәуелділікті азайтады.
  • Ритуксимаб – Девик ауруы (оптиконевромиелит) диагнозы бар бір науқасқа. Бұл дәрі ауыр аутоиммунды қабынуды басып, көру қабілетін жоғалту қаупін төмендетеді.

Тізімнен алынып тасталатын дәрілер мен бұйымдар

  • Эндопротез – остеоартроз диагнозы орфандық аурулар тізімінде жоқ болғандықтан.
  • Белимумаб – жеткізушілер болмағандықтан сатып алынбады. Оның орнына анифролумаб енгізіледі.
  • Ривароксабан – жүрекше фибрилляциясы мен трепетінде қолданылатын дәрі. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің амбулаторлық тегін дәрілер тізіміне енгізілгендіктен, басқарма желісі бойынша сатып алынбайды.
  • Эплеренон (екі дозада) – дилатациялық кардиомиопатияға арналған, соңғы үш жылда сатып алынбаған.

Қаржылық тиімділік

Мәслихат депутаты Айгүл Шалбаева жаңа дәрілердің бюджетке әсерін сұрады. Лайла Иманғалиева анифролумабтың бағасы белимумабқа шамалас екенін, қаражат жыл сайын жоспарланғанын, ал белимумаб 2025 жылы жеткізілмегендіктен, анифролумаб клиникалық тұрғыдан да, экономикалық жағынан да тиімді балама екенін айтты.