Украина дрондары Ресейдің Каспий теңізіндегі мұнай платформасын шабуылдады

Ulysmedia
Фото: Pixabay.com

Украина дрондары Ресейдің Каспий теңізіндегі мұнай кен орындарын шабуылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Украина дрондары «Лукойл» компаниясына тиесілі Филановский кен орнындағы мұнай өндіру платформасына соққы жасаған. Платформа Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, Ресей акваториясында, Астраханнан шамамен 190 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жөнінде Bloomberg басылымы дереккөзіне сүйеніп жазды.

«Ұзақ қашықтыққа ұшатын украин дрондары Филановский платформасына кемінде төрт рет соққы беріп, салдарынан 20-дан астам өндіріс ұңғымасының жұмысы тоқтады, — делінген Bloomberg таратқан ақпаратта.

Басылым бұл ақпаратты тәуелсіз жолмен растау мүмкін болмағанын, ал «Лукойл» компаниясы әзірге ешқандай пікір білдірмегенін хабарлады.

Украиналық БАҚ

Украиналық БАҚ «Каспийдегі мұнай өндіру платформасының жұмысы дрондар салдарынан тоқтады» деп жазып жатыр. «РБК-Украина» Украина қауіпсіздік қызметіндегі дереккөзіне сілтеме жасап, дрондардың «Лукойл-Нижневолжскнефть» компаниясына тиесілі Филановский кен орнындағы платформаны істен шығарған деп хабарлады.

Филановский кен орнындағы мұнай қоры 220 млн тоннаға, газ қоры 40 млрд текше метрге бағаланады. Жобалық өндіріс қуаты — жылына 6 млн тонна мұнай. Bloomberg есебінше, бұл кен орны «Лукойлдың» Ресей ішкі нарығындағы жалпы өндірісінің шамамен 8 пайызын қамтамасыз етеді.