Бибосынов әлем чемпионы атағы үшін таласады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

2025 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Сәкен Бибосынов 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Непал спортшысы Чандра Бахадур Тапаны айқын басымдықпен жеңді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сәкеннің айтуынша қарсылас оңайға соқпаған. 

— Мен жеңіске жеттім, бірақ жекпе-жек оңай болған жоқ. Мұнда әлемнің ең үздік боксшылары қатысып жатыр. Әр елдің өз үздігі бар, қазір бокс барлық жерде дамып келеді. Сондықтан айқас қиынға соқты. Аллаға шүкір, бапкерлердің тактикасын дұрыс орындап, жеңіске жеттім, — деді ол.

ФИНАЛДАҒЫ ҚАРСЫЛАС

Бибосынов енді финалда ресейлік боксшы Вячеслав Рогозинмен кездеседі.

— Егер мүмкіндік болса, финалда жақсы жекпе-жек көрсеткім келеді, бар күшімізді саламыз. Қарсыласым да мықты спортшы. Біз Кисловодскіде бірге жаттығып, спарринг өткізгенбіз, сондықтан бір-бірімізді жақсы білеміз. Бұл өте қызықты әрі тартысты айқас болады, — деді Сәкен Бибосынов.

Айта кетейік, 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финал 13 желтоқсанға жоспарланған.