Бөліп төлеу: 0% артында жасырын 5% тұрады

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, дүкендер мен банктер бағаны әдейі көтереді, себебі тұтынушылар тауарды бірден толық төлемейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жасырын шығындар – комиссиялар мен сақтандыру төлемдері – бастапқы бағадан-ақ қосылады. Сондықтан «нөл пайыздық мөлшерлеме» деген ұғым шын мәнінде алдамшы.

Көп адам «қазір ал да, кейін төле» жүйесімен өмір сүрген сайын тәуекелдер де, бағалар да өседі. Сұлтановтың кеңесі – ай сайынғы төлемге емес, тауардың толық құнына назар аудару. Өйткені бұл жүйе – қымбат эмоция, ол бағаның шынайы өсуін жасырады.

ЦИТАТА

«Адамдар болашақпен өмір сүрген сайын, қазіргі ақшасы азаяды. Елдің жартысы “қазір аламын – кейін төлеймін” деген жүйеге көшкенде, сатушылар мен банктер алдын ала бағаны көтеріп қояды. Себебі олар төлемей қалу қаупін және қосымша шығындарды есепке алады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – экономикалық косметика: бәрі қолжетімді сияқты көрінеді, бірақ астарында бағаның өсуі жатыр. “Нөл пайыз” деген көбейген сайын, инфляцияға қосымша “бес пайыз” жүктеледі. Ал сіз мұны байқамайсыз», – деп түсіндірді ол өзінің Telegram-арнасындағы «Экономикалық сауат» атты жазбасында.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстанда «қазір сатып ал, кейін төле» жүйесін (Buy Now, Pay Later – Қазір ал, кейін төле) тәртіпке келтіру жоспарланып отырғанын жаздық. Қазіргі таңда мұндай сатып алулардың басым бөлігі ресми несие болып саналмайды және азаматтардың кредиттік тарихында көрсетілмейді.