Қазақстанда балаларды 16 жасқа дейін әлеуметтік желілерге тіркеуге тыйым салу бастамасы көтерілді. Бұл талап елде ресми тіркелген барлық әлеуметтік желілерге қатысты болмақ. Алайда ол жедел хабар алмасу қызметтеріне (мысалы, WhatsApp немесе Telegram) қолданылмайтынын Мәдениет және ақпарат министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ
Ұсынылған бастама «Онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының бөлігі болып табылады. Министрлік құжатты қоғамдық талқылауға шығарды. Талқылау 29 желтоқсанға дейін жалғасады.
«Онлайн-платформаларда 16 жасқа дейінгі балаларды тіркеуге тыйым салу жөнінде түзету ұсынылды. Бұл норманың ерекшелігі бар – жедел хабар алмасу сервистеріне шектеу қойылмайды. Ал талап Қазақстан аумағында қызмет атқаратын барлық әлеуметтік желілерге таралады», – делінген министрліктің түсіндірмесінде.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ҚАУІПТЕР
Заң жобасын әзірлеу барысында министрлік жанындағы жұмыс тобы оның нормаларын талқылады. Топ құрамына медиа қауымдастық өкілдері кірді. Қазір ведомство халықаралық тәжірибені, әсіресе Австралиядағы балаларды онлайн-платформаларға тіркеуге тыйым салу тәжірибесін зерттеп жатыр.
«Әлеуметтік желілер балалар үшін қауіпті. Себебі онда жиі буллингке ұшырайды, алаяқтық әрекеттер жасалады. Сонымен қатар заңға қайшы контент таралады, ол балалардың психикасына теріс әсер етеді», – деп атап өтті министрлік.
ЖАСЫНЫҢ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРІЛЕТІНІ ӘЗІРГЕ БЕЛГІСІЗ
Қазіргі уақытта пайдаланушылардың жасын қалай тексеретіні белгісіз. Министрлік заңға қайшы контенттің көбейгенін мойындады. Биылғы жылдың басынан бері мамандар 76 947 заңсыз материал анықтап, сервистер әкімшілігіне 3695 хабарлама жіберген. Ведомство қазіргі заңнама сайт иелерінің заңсыз контентті таратуды тоқтатуға шара қолданбағаны үшін жеткілікті жауапкершілік қарастырмайтынын мойындады.