Ғалымдар өсімдік тектес тағамды таңдаған балалар мен жасөспірімдердің көрсеткіштерін жануар өнімдерін тұтынатындармен салыстырды. Нәтижесінде бірінші топтағы балалар мен жасөспірімдер талшықты, С дәруменін, фолий қышқылын, магний мен темірді көбірек қабылдағаны анықталды. Ал ақуызды, майды, В12 дәруменін және мырышты азырақ тұтынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВЕГЕТАРИАНДАРДЫҢ ҚАУІПТЕРІ
Нью-Йорк университетінің зерттеу авторы доктор Жанетт Бислидің айтуынша, әсіресе вегандарда кальций жеткіліксіз қабылданған, ал В12 дәруменінің деңгейі байытылған өнімдер немесе арнайы қоспаларсыз сирек қалыпты деңгейге жеткен. Сонымен қатар кальций, йод және мырыш көбіне ұсынылған мөлшердің ең төменгі шегінде болған.
ЖАСЫЛ ДИЕТАНЫҢ ПАЙДАСЫ
Мүмкін болатын тапшылықтарға және қоғамдағы қалыптасқан стереотиптерге қарамастан, өсімдікке негізделген «жасыл» диеталар жүрек-қан тамырлары денсаулығына оң әсер етіп, жалпы холестерин деңгейін төмендетіп, дене бітіміне пайдалы ықпал жасаған. Бірақ бұл тек ата-аналар баласының мәзірін саналы түрде жоспарлаған жағдайда ғана жүзеге асады.
ДӘРУМЕНДЕРДІ БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ
Рационды педиатр немесе диетологтың қатысуымен жоспарлау ұсынылады. Әсіресе В12 дәруменінің, кальцийдің, йодтың, темірдің және мырыштың жеткілікті түсуін қадағалау маңызды. Қазіргі әлемде балалар арасында семіздік жағдайларының артуын ескерсек, өсімдікке негізделген диеталар кейде жасөспірімдердің ағзасының дамуына оң ықпал етуі мүмкін. Бұл қорытынды Critical Reviews in Food Science and Nutrition журналында жарияланған ғылыми еңбекте айтылған.
ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖЫЛДАМ ӨСУ КЕЗЕҢІ
Сонымен қатар ғалымдар балалар мен жасөспірімдердің жылдам өсу кезеңінде екенін атап өтті. Сондықтан негізгі нутриенттердің жетіспеушілігі олардың денсаулығына айтарлықтай зиян тигізуі ықтимал.