Анарбеков УЕФА нұсқасы бойынша Чемпиондар лигасының үздік бес қақпашысының қатарына енді

Сырым Қаржас
Темірлан Анарбеков

Қазақстан құрамасы мен "Қайрат" клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының биылғы маусымындағы үздік голкиперлер рейтингінде төртінші орынға ие болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

УЕФА деректеріне сәйкес, Анарбеков төрт матчқа қатысып, алты гол жіберген және бір ойында қақпасын сақтап қалған. Жалпы алғанда қазақстандық қақпашы 27 сейв жасаған. Ол бұл көрсеткішпен Кипрдің «Пафос» клубының қақпашысы Неофитос Михаилмен бір орынды бөлісті — екі ойыншының да статистикасы бірдей.

Рейтинг көшін Норвегияның «Буде Глимт» клубында ойнайтын ресейлік Никита Хайкин бастады, оның еншісінде 38 сейв бар. Екінші орынға Францияның «Марсель» клубының қақпашысы Херонимо Рулли (33 сейв) жайғасса, үшінші орынды Мадридтің «Реал» командасының бельгиялық қақпашысы Тибо Куртуа (29 сейв) иеленді.

АНЫҚТАМА

Темірлан Анарбеков — қазақстандық футболшы, қақпашы. 2003 жылғы 14 қазанда Атырауда дүниеге келген. Кәсіби мансабын 2020 жылы «Қайрат» клубының құрылымында бастаған. Қазіргі уақытта клубтың негізгі құрамында ойнап, Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап жүр.