АҚШ университетіндегі атыс: полиция күдіктіні іздестіріп жатыр

Сырым Қаржас
REUTERS/Taylor Coester

Род-Айленд штатындағы Браун университетінде болған атыс салдарынан екі студент қаза тауып, тағы тоғыз адам жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оқиға емтихандар өтіп жатқан уақытта болған. Қарулы ер адам университеттің оқу ғимараттарының біріне кіріп, оқ атқан. Атыстан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Іздеу операциясына 400-ден астам құқық қорғау қызметкері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта күдіктінің кім екені анықталған жоқ.

Полиция шамамен 30 жастағы, қара киім киген ер адамның түрі түсірілген видеоны жариялады. Оның бетперде тағып алуы мүмкін екені де айтылды. Оқиға орнынан оқ гильзалары табылғанымен, қолданылған қару түрі мен атыстың нақты егжей-тегжейі әзірше айтылған жоқ.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 13 желтоқсанда Браун университетінде емтихан кезінде атыс болған. АҚШ президенті Дональд Трамп оқиға туралы толық ақпарат алғанын айтып, мұны «жантүршігерлік жағдай» деп атады және зардап шеккендер үшін дұға етуге үндеді. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде күдікті ұсталды деп қате жазылғанын, оның әлі бостандықта екенін және іздеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.