Зеленский НАТО-ға мүше болудан бас тартуға дайын екенін айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ, еуропалық серіктестер, сондай-ақ Канада мен Жапония тарапынан нақты қауіпсіздік кепілдіктерін алған жағдайда, НАТО-ға мүше болудан бас тартуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz The Financial Times басылымына сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Зеленскийдің айтуынша, кез келген бейбіт жоспар ымыраны талап етеді, алайда Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері әлі де аса маңызды.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Біз Украина мен Америка Құрама Штаттары арасындағы екіжақты қауіпсіздік кепілдіктері туралы айтып отырмыз. Нақтырақ айтқанда, 5-бапқа ұқсас кепілдіктер туралы <…>. Сондай-ақ еуропалық әріптестерімізден және Канада, Жапония секілді басқа елдерден де қауіпсіздік кепілдіктері қажет, – деді Зеленский журналистерге.

Сондай-ақ Зеленский Киевтің осы аптаның басында еуропалық көшбасшылармен кеңестерден кейін жолдаған бейбіт жоспарға қатысты жаңартылған ұсыныстарына Вашингтоннан әлі ресми жауап алмағанын да айтты.