Беларусь түрмесінен бірнеше саяси белсенді босап шықты

Сырым Қаржас
Фото: REUTERS - Maksym Kishka

Беларусь түрмесінен босап шыққан бірнеше саяси тұтқын жексенбі, 14 желтоқсанда Украина аумағында алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Азаттық мәліметінше, шараға беларусьтік оппозиция өкілдері Мария Колесникова, Виктор Бабарико, Александр Федута және Владимир Лабкович қатысты. Қауіпсіздік мақсатында жиынның нақты өткен орны жарияланбады, баспасөз мәслихатына тек арнайы аккредитациядан өткен журналистер ғана жіберілді.

2020 жылғы 7 қыркүйектен бері қамауда болған 43 жастағы Мария Колесникова сөз сөйлеп, саяси тұтқындардың бостандыққа шығуына ықпал еткені үшін АҚШ президенті Дональд Трампқа және Украина президенті Владимир Зеленскийге алғыс білдірді. Сондай-ақ ол украин халқына көрсеткен қонақжайлығы мен қолдауы үшін ризашылығын жеткізді.

— Соғыс жүріп жатқан, украин халқының өзі ауыр жағдайды бастан өткеріп отырған кезеңде бізге қолдау көрсету қаншалықты қиын екенін жақсы түсінеміз. Мұны әрқайсымыз жан-тәнімізбен сезіндік, — деді Колесникова.

Сонымен қатар ол саяси тұтқындарды босату туралы шешім қабылдаған Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенкоға да алғыс айтып, бұл процесс алдағы уақытта да жалғасады деген үмітін білдірді.

Еске салайық, 13 желтоқсанда АҚШ-тың арнайы өкілі Джон Коулмен өткен келіссөздерден кейін Александр Лукашенконың әкімшілігі Беларусь түрмелерінен 123 саяси тұтқынның босатылғанын хабарлаған. Ресми мәліметке сәйкес, бұл қадам «АҚШ президентімен жасалған келісім аясында және оның өтініші бойынша» жүзеге асқан.