Белгілі балуан Дәулет Шабанбай сотталды

Сырым Қаржас
Фото: Егемен

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне қатысты күш қолданған белгілі балуан Дәулет Шабанбайға қатысты қозғалған қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сот материалдарына сәйкес, биыл 18 қыркүйек күні кешкі уақытта Дәулет Шабанбай Павлодар қаласындағы Сұрағанов көшесіндегі кафеде ішімдік ішкен. Кейін ол автовокзал жаққа қарай, одан соң қайтадан кафе бағытына бет алған. Жолда әскери бөлімнің мерзімді қызметтегі үш сарбазы оны тоқтатқан. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қызметтік міндеттерін атқарып жүрген, үстінде қызметтік формалары болған.

Сарбаздар балуаннан құжаттарын көрсетуді сұрағанда Дәулет Шабанбай бас тартқан, сарбаздарға балағат сөздер айтып, билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбаған. Өзінің физикалық басымдығын пайдаланып, бір әскери қызметшінің иығынан теуіп, қалған екеуінің бет тұсынан жұдырықпен соққы жасаған. Әскери қызметшілер оны жерге жығып, қолына кісен салып, полиция келгенге дейін ұстаған.

ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ

Мемлекеттік айыптаушы соттан балуанды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер де жаза мөлшері бойынша прокурордың талабымен келісті.

Қорғаушы адвокат пен сотталушы кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкінетінін және мемлекет алдындағы спорттық еңбегін ескере отырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

СОТ ҮКІМІ

Сот бұл қылмысты ауыр санаттағы қылмыстар қатарына жатқызды. Аталған бап бойынша жаза ретінде 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Сотталушының кінәсі оның өз мойындауымен қатар, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен және сотта зерттелген өзге де дәлелдермен расталды.

Жазаны тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді: кәмелетке толмаған балаларының болуы (оның бірі – мүгедектігі бар), спорттағы жетістіктері (2012 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері), кінәсін мойындауы және өкініш білдіруі. Сонымен қатар қылмысты мас күйінде жасауы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Нәтижесінде сот Шабанбайға орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ қылмыстық-процестік заңнама талаптарының бұзылуына байланысты сот Павлодар облысы Полиция департаменті мен Павлодар облысының прокуратурасының атына жеке қаулы шығарды.