Вашингтонда Берлиндегі келіссөздер барысында Украина мен Ресей арасындағы келіспеушілік шешілудің аз-ақ алдында тұрғаны мәлім болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы Sky News арнасына аты-жөнін жарияламауды сұраған АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ пен Украина өкілдері арасындағы кездесудің негізгі тақырыбы қауіпсіздік кепілдіктері болды. Америкалық тарап НАТО-ның бесінші бабына ұқсас, яғни бір елге жасалған шабуылдың барлығына қарсы жасалған шабуыл деп саналатын қағидатқа негізделген кепілдіктер мәселесінде ілгерілеу бар екенін айтады. Алайда мұндай кепілдіктер шексіз мерзімге берілмейтіні атап өтілді.
Дереккөздің сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей тарапын Украина үшін осындай қауіпсіздік кепілдіктері форматымен келісуге көндіре алатынына сенімді. Сондай-ақ ол соңғы кездесулерден кейін талқылау нақты әрі мазмұнды сипат алғанын, оның ішінде аумақтық мәселелердің де қозғалғанын айтты. Америкалық шенеунік АҚШ бағалауынша, Мәскеу Украинаның Еуропалық одаққа қосылуына қарсы болмайтынын және ұсынылған келісім шарттарын қарастыруға дайын екенін жеткізді. Жалпы алғанда, ол келіссөздерді «позитивті» деп атап, бірқатар тақырып бойынша ортақ түсінікке қол жеткізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар кейбір мәселелердің әлі де ашық күйінде қалып отырғанын мойындады, бірақ Ақ үй қол жеткізілген ілгерілеуге риза екенін білдірді. Сондай-ақ еуропалық өкілдердің белсенді қатысқаны және олардың процеске қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, Берлинде Украина мен АҚШ арасында Украинадағы соғысты аяқтау жолдарын іздеуге арналған келіссөздердің кезекті раунды аяқталған болатын.