Тыныс алу мүмкін емес: Ақтаудағы өнеркәсіптік аймақта экологиялық нормалар бұзылғаны анықталды

Ulysmedia
ЖИ көрнекі суреті

Ақтауда тұрғындардың жаппай шағымынан кейін облыстық экология департаменті тексеріс жүргізіп, ауада зиянды заттардың мөлшері шектен асқанын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары 15-16 желтоқсанда қала аумағынан және жақын орналасқан елдімекендерде мониторинг жұмыстарын жүргізген.

«Қала аумағында жағымсыз иіс анықталды. Жағымсыз иістің шығу ошағы өнеркәсіптік аймақ аумақтарында, соның ішінде Рекон базасы аумағында көміртегі оксидінен (СО) шекті рауалды концентрациядан (ШРК) асулар анықталды», – делінген департамент таратқан хабарда.

Сондай ақ, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары өндірістік нысандарда («Маңғыстау мұнай өңдеу» ЖШС; «Каспий битум» битум зауыты; «Рекон-Ақтау» ЖШС; «Маңғыстау индустриалды паркі» ЖШС; «ҚазТрансОйл» ЖШС; «Ақтау Петролеум Терминалекс ЛТД» ЖШС (Industrial Zone LTD) орналасқан ЖШС) және Ақтау қаласының және Басқұдық ауылының маңында патрульдеу жұмыстарын жүргізген.

Ақтау тұрғындары екі күннен бері әлеуметтік желіде қолқаны қабатын жағымсыз иіске шағымданып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, иіс газға ұқсайды. Тұрғындар экологиялық тексеріс аяқталғанға дейін жағымсыз иіс тарқап кеткенін айтады. Олардың сөзінше, 15 желтоқсанда қалада «тыныс алу мүмкін болмаған».