Аir astana компаниясының үлесі сатылды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

BAE Systems (Kazakhstan) Limited – британдық BAE Systems компаниясының еншілес ұйымы – «Эйр Астана» акционерлік қоғамындағы 10,1 пайыздық үлесін сатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САТЫЛҒАН ҮЛЕС ЖӘНЕ БАҒАСЫ

Қаржылық сарапшы Арман Батаев Finmentor.kz телеграм-арнасында атап өткендей, британдық инвестор Air Astana компаниясының тоғыз миллион жаһандық депозитарлық қолхаттарын 52,2 миллион АҚШ долларына сатты. Әрбір қолхат 5,8 АҚШ долларынан бағаланған. Бұл нарықтық бағадан 8,8 пайызға арзан.

— Бұл мәміле компанияның акционерлік капиталының шамамен 10,1 пайызына тең. Есеп айырысу 2025 жылдың 22 желтоқсанында күтіледі, — деді сарапшы.

ҚАЗАҚСТАН ҚОР БИРЖАСЫНЫҢ ДЕРЕКТЕРІ

Қазақстан қор биржасының (KASE) дерегінше, осы мәмілеге дейін британдық инвестордың «Эйр Астана» акционерлік қоғамындағы үлесі 16,95 пайыз болған. Енді BAE Systems (Kazakhstan) Limited компаниясында Қазақстанның ең ірі әуе тасымалдаушысының шамамен 6,85 пайыз акциясы ғана қалды.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін британдық қорғаныс компаниясы BAE Systems-тің еншілес ұйымы Air Astana компаниясындағы үлесін қысқартуға шешім қабылдағаны белгілі болған. Reuters агенттігі шамамен 8 пайыз акция туралы хабарлаған еді.