2025 жылдың тоғыз айында Ұлттық игілік қорының кірісі 12,8 пайызға өсіп, 13,5 триллион теңгеге жетті. Ал таза пайда көлемі 2,54 триллион теңгені құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қордың негізгі табыс көзі болып саналатын шикі мұнай сатылымы үш тоқсанда 3,6 триллион теңге әкелді. Дегенмен, мұнайдан түскен түсім өткен жылмен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге азайды. Соған қарамастан, мұнай қор құрылымдары үшін әлі де басты қаржы көзі болып отыр.
2025 жылдың 30 қыркүйегінде аяқталған тоғыз ай ішінде шикі мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алатын екі ірі клиент — BGN International DMCC және Vitol S.A. — жалпы кірістің 20 пайызына дейінгі үлесті қамтамасыз еткені есепте көрсетілген.
«Самрұқ-Қазына» қорының мұнай өнімдері саудасынан, теміржол тасымалынан, алтын мен уран сатудан түскен табысы өткен жылға қарағанда артқан. Алайда телекоммуникация қызметтері мен әуе тасымалынан түсетін пайда азайды.
КІМ ПАЙДА ӘКЕЛЕДІ?
Бірлескен кәсіпорындар ішінде қор үшін ең көп табыс әкелген — «Теңізшевройл». «Самрұқ-Қазына» оның пайдасынан 290,4 миллиард теңге үлес алды. Каспий Құбыр Консорциумындағы (КҚК) қатысу тағы 115,1 миллиард теңге кіріс берді.
Үш тоқсан ішінде «Самрұқ-Қазына» жалпы көлемі 1,4 триллион теңге дивиденд алды. Бұл соманың ең үлкен бөлігін тағы да «Теңізшевройл» (634,4 миллиард теңге) және «Азиялық газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (325,7 миллиард теңге) қамтамасыз етті. Ірі төлемдерге КҚК мен «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де үлес қосты.