Украина да, Ресей делегациясы да Майамиге барады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров бастаған делегация АҚШ-қа соғысты тоқтату жоспарын талқылау үшін барады. Бұл туралы 18 желтоқсанда Axios басылымы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КІММЕН КЕЗДЕСЕДІ?

Дереккөздердің айтуынша, Украина өкілдері апта соңында Майамиде Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен және АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнермен кездеседі.

Президент Владимир Зеленский де Киевте өткен брифингте украин делегациясының АҚШ-қа жаңа келіссөздер үшін кеткенін растады. Ол делегация құрамын нақтыламады, бірақ келіссөздерге еуропалық саясаткерлер де қатысуы мүмкін екенін айтты.

РЕСЕЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ДА БАРАДЫ

Politico басылымының хабарлауынша, 20–21 желтоқсан күндері Майамиде Ресей делегациясы да күтіледі. Оны Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев басқарады. Ол да Уиткофф және Кушнермен келіссөздер өткізбек.

ФОРМАТ ЖӘНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Axios дереккөздері қазіргі уақытта АҚШ, Украина және Ресей өкілдерінің қатысуымен үшжақты кездесу жоспарланбағанын атап өтті.

14–15 желтоқсанда Уиткофф пен Кушнер Берлинде Украина және бірқатар Еуропа елдерінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша АҚШ тарапы соғыс аяқталған жағдайда Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге уәде етті. Алайда Киевтің ықтимал аумақтық жеңілдіктері мәселесі шешілмей қалды.

Желтоқсан басында Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл келіссөздердің егжей-тегжейі жарияланған жоқ.