Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Астанада өткен жиында олигарх Рашит Сәрсеновке қатысы бар кәсіпорын қызметкерлерінің не себепті мардымсыз жалақы алып, МӘМС жарналарын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Павлодар зауыттарындағы мәселе
Журналистерге Павлодардағы KSP Steel зауытының қызметкерлері жүгінген. Олардың айтуынша, бірнеше айдан бері жалақы төленбеген, жылдар бойы еңбекақы көтерілмеген, ал медицинадан қағылмау үшін МӘМС жарналарын өздері төлеуге мәжбүр. Асайын Байханов бұл жағдайдан хабардар екенін растады.
– Иә, мен бұл жағдайды білемін. Өңірімізде проблемалы бірнеше кәсіпорын бар, соның екеуі – KSP Steel мен «Кастинг». Шынын айтқанда, ол жерде мәселелер кешені бар. Соның ең бастысы – кәсіпорындарды тиімсіз басқару, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, «Кастинг» пен KSP Steel – өзара байланысты өндірістік кәсіпорындар және қазір екеуі де қаржылық қиындыққа тап болып отыр.
– «Кастинг» компаниясының бас кеңсесіне қатысты салықтық тексеріс жүргізілді. Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің талап-арызы бойынша, қателеспесем, 16,2 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот даулары бірнеше жылға созылып, қазір кәсіпорын іс жүзінде тоқтап тұр, – деді Асайын Байханов.
Нәтижесінде KSP Steel-дегі қызметкерлер саны 1130 адамнан 350 адамға дейін қысқарған, ал зауыттың жүктемесі 30% деңгейінде ғана. Бұған объективті себептер де бар, соның ішінде болатқа деген сұраныстың төмендеуі.
– Ең алдымен, жаңа инвестор табу қажет. Қазіргі иелері де өз тарапынан серіктес, инвестор іздеп жатыр. Кәсіпорынды жаңғырту үшін қаржы салатын адам керек, ал олардың өз қаражаты жоқ. Біз бұл мәселені олармен талқылап, байланыста отырмыз, – деді облыс әкімі.
Қызметкерлердің тағдыры не болмақ?
Байхановтың айтуынша, облыс әкімдігі KSP Steel-ден қысқартылған қызметкерлерді жұмысқа орналастырумен айналысып жатыр.
– Босатылған барлық адамдарды басқа зауыттарға орналастырамыз. Бізде Алюминий зауыты, Электролиз зауыты, «Каустик», ПНХЗ бар, – деп жұмысқа орналасу нұсқаларын тізбектеді облыс әкімі.
Сонымен қатар, әкімдік әлеуетті инвесторлармен келіссөздерге қатысып отырғанын, алайда KSP Steel-ді толықтай қайта жандандыратын нақты инвестор әзірге табылмағанын атап өтті.
– Кәсіпорын толық реанимация мен қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Біз бұл мәселемен тығыз айналысып жатырмыз, бірақ әзірге инвестор табылған жоқ, – деп түйіндеді Асайын Байханов.
Павлодар зауыттарының иелері кім?
Ашық дереккөздерге сәйкес, KSP Steel зауыты 2007 жылы құрылған. Кәсіпорын мұнай-газ саласына арналған тігіссіз болат құбырлар өндіреді. Өнім ішкі нарықтан бөлек, Ресейге, Әзербайжанға және Түрікменстанға экспортталады. Құрылтайшылары – Эдуард Креймер және олигарх Рашит Сәрсеновпен байланысты Asia Pasific Investments Limited компаниясы.
Сәрсеновтер отбасы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы 75 ең бай бизнесменнің ішінде 9-орында тұр. Оларға «Нұрбанк» АҚ, «Виктория» сақтандыру компаниясы, Helios жанармай бекеттері желісі, «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты тиесілі. Сондай-ақ, Сәрсеновтер AltynEx Company алтын өндіруші АҚ-дағы, «Көкше-Цемент» өндірістік бірлестігі» ЖШС, металлургиялық «Кастинг» ЖШС, Oil Real Estate (жылжымайтын мүлікті басқару), «Компания Нефтехим LTD» (полипропилен өндірісі), саудамен айналысатын Caspian Food ЖШС, «Текелі тау-кен байыту кешені» секілді бірқатар компанияларда үлеске ие.
2024 жылы KSP Steel Павлодар өңіріне келтірілген экологиялық залал үшін 106 млн теңге көлемінде айыппұлға тартылған.