Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропаға Ресей президенті Владимир Путинмен тікелей диалогты қайта бастау жолын табу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл мәлімдемесін ол 19 желтоқсанда Брюссельде жасады. Макронның сөзінше, Мәскеумен келіссөздердің қолайлы форматын іздеу Еуропа елдерінің мүддесіне сай келеді.
«Қазіргі келіссөздер аясында ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткіземіз немесе Еуропа Ресеймен диалогты қайта бастау жолын табады. Бұл ашық түрде және Украинамен ынтымақтастықта жүзеге асады», – деді Макрон.
Франция президенті Еуропадағы аз ғана көшбасшылардың бірі болып қалып отыр, ол Путинмен телефон арқылы байланысын жалғастырып келеді. Соңғы осындай әңгіме шілде айында өткен.
МӘСКЕУМЕН БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ АҚШ РӨЛІ
Макрон «Владимир Путинмен сөйлесу қайтадан пайдалы болады» деп атап өтті. Әйтпесе, оның айтуынша, Еуропа басшылары өзара келіссөздер жүргізуге мәжбүр болады, ал АҚШ өкілдері кейін жағдайды Мәскеумен жеке талқылайды. Франция президентінің пікірінше, мұндай сценарий «ең қолайлы емес».
Франция президентінің бұл мәлімдемесі Еуропалық одақ саммитінен бірнеше сағат өткен соң жарияланды. Саммит шамамен 16 сағатқа созылып, онда Ресей Орталық банкінің шамамен 200 миллиард еуро көлеміндегі қатып қалған резервтерінің тағдыры талқыланды. Алайда оларды тәркілеу туралы келісімге келе алмады.