АҚШ барлау қызметі Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаны толық бақылауға алу және бұрын Кеңес Одағы құрамында болған аумақтарды қайтару ниетінен бас тартпағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Агенттік мәліметінше, барлау қызметінің кейінгі есебі 2025 жылғы қыркүйекте дайындалған. АҚШ барлау деректерімен таныс алты дереккөз Ресей Украинаның бүкіл аумағын басып алуды жоспарлап отырғанын растаған.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Барлау деректері әрдайым Путиннің бұдан да көп нәрсеге жеткісі келетінін көрсетіп келеді. Еуропалықтар бұған сенімді. Поляктар мүлдем күмәнданбайды. Ал Балтық елдері өздері бірінші нысанаға айналамыз деп ойлайды, – деді АҚШ Өкілдер палатасының Барлау комитетінің мүшесі Майк Куигли.
АҚШ деректеріне сәйкес, қазіргі таңда Ресей Украинаның шамамен 20 пайыз аумағын бақылауда ұстап отыр. Оған Луганск пен Донецк облыстарының басым бөлігі, Запорожье мен Херсон облыстарының бірқатар аумағы, сондай-ақ Қырым кіреді.
Сонымен қатар АҚШ барлау мәліметтері Путиннің Еуропаға қауіп төндірмеймін деген мәлімдемелеріне қайшы келеді. Бұл деректер еуропалық көшбасшылардың болжамымен де сәйкес келеді. Олар Ресей тек Украинаны емес, бұрынғы кеңес елдерінің, соның ішінде НАТО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарына да көз тігіп отыр деп есептейді.