Ресей үкіметі жаңа «Союз-5» зымыран-тасығышы мен «Бәйтерек» кешенінің ұшу сынақтарын өткізу жөніндегі комиссияның құрамын бекітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
ТАСС агенттігінің мәліметінше, бірлескен мемлекетаралық топтың ресейлік құрамына 27 маман енген. Делегацияға жетекшілік ету Ресейдің «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы бас директорының зымыран жобалары жөніндегі орынбасары Дмитрий Барановқа жүктеліп, ол комиссияның тең төрағасы болып тағайындалды. Комиссия құрамына сондай-ақ Ресейдің жетекші бас конструкторлары да кірді.
АЙТА КЕТЕЙІК
«Бәйтерек» жобасы — Ресей мен Қазақстанның ауқымды бірлескен бастамасы. Жоба Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалана отырып, орта класты «Союз-5» зымырандарын ұшыруды көздейді. «Бәйтерек» кешенін іске қосу мәселесін тараптар 2004 жылдан бастап талқылай бастаған. Сол кезде Байқоңыр ғарыш айлағының базасында жаңа кәсіпорын салуды көздейтін келісімге қол қойылған. Бұған дейін зымыран кешені биыл жылдың соңына қарай жұмысын бастайды деп хабарланған.