Бір жылда үшіншісі: қаза тапқан Ресей генералы туралы не белгілі

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Мәскеуде соңғы 12 айда үшінші рет Ресей армиясының генерал-лейтенанты қаза тапты. 22 желтоқсан күні қала оңтүстігінде көлік жарылысы салдарынан Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының Оперативтік дайындық басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Фанил Сарваров көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

DW порталының мәлеметінше жарылыс Ясенев көшесіндегі №12 үйдің жанындағы автотұрақта болды. Kia Sorento көлігінің астына жарылғыш құрылғы орнатылған. Жарылыс болған үйде Ресейдің Бас барлау басқармасы (ГРУ) қызметкерлері тұратыны хабарланды.

ТЕРГЕУ ЖӘНЕ НҰСҚАЛАР

Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады. Іс "қоғамға қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіру" және "жарылғыш заттарды заңсыз айналымға енгізу" баптары бойынша тіркелді. Тергеушілер бірнеше нұсқаны қарастыруда, соның ішінде қылмысты Украина арнайы қызметтері ұйымдастырды деген болжам бар. Киев ресми түрде бұл оқиғаға пікір білдірген жоқ.

САРВАРОВ ТУРАЛЫ

Фанил Сарваров бұған дейін көпшілікке танымал тұлға болмаған. Оның есімі алғаш рет Ресей Қорғаныс министрлігінің Батыс әскери округінің "Родина қорғауында" газетінде "Батыс-2021" әскери жаттығуларына байланысты аталған. Бұл жаттығулар Ресейдің Украинаға басып кіруінен жарты жыл бұрын өткен.

Әскери сарапшы Виктор Баранец Сарваров басқарған бөлімді "армияның басты ой орталығы" деп атады.

Сарваров 1969 жылы 11 наурызда Пермь облысының Гремячинск қаласында дүниеге келген. Ол Қазан жоғары танк командалық Қызыл Ту училищесін, Бронетанк әскерлерінің әскери академиясын және Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын тәмамдаған.

1992–2003 жылдары Осетин-ингуш қақтығысына және Шешенстандағы соғысқа қатысқан. 2015–2016 жылдары Сириядағы соғысқа атсалысқан. 2016 жылы Ресей Қарулы күштерінің Оперативтік дайындық басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұл құрылым әскери жаттығуларды жоспарлау және ұйымдастырумен айналысады. 2024 жылы Ресей президенті Владимир Путин оған генерал-лейтенант атағын берді. Ол "Ерлік" орденімен, Суворов медалімен, "Отан алдындағы еңбегі үшін" орденінің II дәрежелі медалімен, "Әскери еңбегі үшін" орденімен және I дәрежелі медальмен марапатталған.

Кремль мен Ресей Қорғаныс министрлігі Сарваровтың өліміне қатысты нақты түсініктеме берген жоқ. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков тек Путинге арнайы қызметтер оқиға туралы баяндағанын айтты.

БҰРЫНҒЫ ОҚИҒАЛАР

2025 жылдың сәуірінде Мәскеу маңындағы Балашиха қаласында көлік жарылысы кезінде Бас штабтың басты басқармасы басшысының орынбасары Ярослав Москалик қаза тапқан. Ол Украинамен келіссөздерге қатысқан тұлға ретінде белгілі болған.

Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) бұл қылмысқа қатысты күдікті Игнат Кузинді "Украина арнайы қызметінің агенті" деп жариялап, кейін оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен.

Киев ресми түрде Ресей генералдарының өліміне қатысы барын мойындамағанымен, Украина президенті Владимир Зеленский екінші генералдың қазасынан кейін Сыртқы барлау қызметінің басшысы "Ресей армиясының жоғары басшылығындағы тұлғалардың жойылғанын" хабарлағанын айтты.