Жұманғарин салық реформасына жауапты екенін мойындады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин журналистерге өзі ұсынған салық реформасы нәтиже бермеген жағдайда кім жауапты болатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Салық реформасына жауапты – мен»

Журналистер ұлттық экономика министрінен жаңа салық нормаларын енгізу үшін саяси жауапкершілікті кім көтеретінін сұрады.

– Бұл реформа үшін жауапкершілік менің мойнымда. Әріптестерім де өз салалары бойынша жауап береді. Үкіметтегі жалпы үйлестіру, сондай-ақ экономикалық және қаржылық саясатқа жауапты адам – менмін. Тіпті жуырда біреу мені осы салық реформасының «атасы» деп атапты. Ондай болса, қарсы емеспін, – деді Серік Жұманғарин.

ҚҚС-қа сенім бар

Министр бұл мәселеде ешқандай «егер» деген шартты нұсқа қарастырылмайтынын атап өтті.

– Бұл – эксперимент емес. Мұндай салада ешкімнің тәжірибе жасауға қақысы жоқ. Бұл – нақты есептер мен халықаралық тәжірибеге негізделген реформа. Мұнда бал ашу жоқ. Осы құжатты әзірлеу кезінде институттар мен саланың үздік мамандары жұмыс істеді. Қазір мұндай қадамға көптеген ел барып жатыр. Мысалы, Ресей Федерациясында жаңа жылдан бастап ҚҚС 20 пайыздан 22 пайызға көтеріледі. Ал былтыр корпоративтік табыс салығын 20 пайыздан 25 пайызға арттырды. Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыпты жағдай, – деді ол.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның ерекшелігі – ашық әрі қоғам пікірін еститін мемлекет болуында.

– Біз бұл реформаны бір жыл бойы сіздермен, бизнеспен талқылап келеміз. Ал басқа елдерде мұндай шешімдер өте тез қабылданып, әрі қарай іске асырыла береді, – деді Жұманғарин.

«Әсіреленген шу»

Журналистер Қазақстанды соғыс жағдайындағы елмен салыстыру орынды ма деп нақтылағанда, министр басқа мемлекеттерді де мысалға келтіруге болатынын, бірақ түпкі мән өзгермейтінін айтты.

Оның пікірінше, салық реформасы төңірегіндегі дау қажеттен тыс күшейтіліп отыр, ал бұл көбіне әлеуметтік желідегі танымалдық үшін жасалады.

– Бұл салық реформасы кәсіпкерлердің 90 пайызына мүлде әсер етпейді. Олар бұрын да ҚҚС төлемеген, жалпыға ортақ режимде жұмыс істеген және солай жалғастыра береді. Оның үстіне, олар B2C сегментінде, яғни түпкі тұтынушымен жұмыс істейді, – деп түйіндеді Серік Жұманғарин.