Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу әлі бірнеше жылға созылуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

AZAL әуе компаниясы Ақтау маңында болған әуе апатының себептерін тергеу бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕРГЕУ НЕГЕ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛДЫ

AZAL компаниясының вице-президенті Ильхам Амировтің айтуынша, әуе апатының себептерін анықтау үшін ұшақтың бөлшектері мен агрегаттарын егжей-тегжейлі зерттеу қажет. Бұл процесс кей жағдайда жылдарға созылуы мүмкін.

Ол халықаралық тәжірибеде әуе апаттарын тергеу әдетте бір жыл ішінде аяқталуы тиіс деген ұсыным бар екенін атап өтті. Алайда нақты жағдайға байланысты бұл мерзім ұзаруы мүмкін.

- Тергеу нәтижелері аса маңызды. Кейін бұл ақпарат осындай оқиғалардың болашақта қайталанбауы үшін әлемдегі барлық авиациялық ұйымдарға жіберіледі. Мұнда уақытқа қатаң шектеу жоқ. Егер белгілі бір ұшақ бөлшегін, құралды немесе агрегатты терең зерттеу қажет болса, олар арнайы институттарда бөлшектеліп, талданады. Бұл көп уақыт алуы мүмкін. Дегенмен, жалпы ұсыныс бойынша тергеу бір жыл ішінде аяқталғаны жөн, – деді Амиров media.az басылымына берген сұхбатында.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының Баку – Грозный бағытында ұшқан ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде 5 экипаж мүшесі бар. Жолаушылардың арасында:

37 Әзербайжан азаматы,

16 Ресей азаматы,

6 Қазақстан азаматы,

3 Қырғызстан азаматы болған.

Апат салдарынан 38 адам қаза тапты, олардың ішінде экипаждың үш мүшесі, соның ішінде екі ұшқыш бар.