Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Депутаттың айтуынша, соңғы бес жылда ӘКК-лерге 528 млрд теңге бөлінген. Алайда 13 корпорацияның сегізінде 209 млрд теңге көлемінде “созылмалы” шығын қалыптасқан.
— Аудиттен өткен 13 корпорацияның сегізінде 209 млрд теңге көлемінде тұрақты шығын бар, ал кірістер шамамен үштен біріне қысқарған, — деді ол.
Сонымен қатар, Елнұр Бейсенбаев шығынға қарамастан, ӘКК топ-менеджменті сыйақы алуды жалғастырып отырғанын атап өтті.
— Мысалы, «Ақжайық» ӘКК басшылығы бір жылда 14 айлық көлемінде сыйақы алған. Бұл Жоғары аудиторлық палата анықтаған жерге қатысты заңбұзушылықтар үшін «ерекше нәтиженің» сыйы ма? — деп мәлімдеді депутат.
Ол сондай-ақ даму институттары қолдаған компанияларға қатысты мысал келтірді. Айтуынша, ҚазАзот 2022 жылы 5,4 млрд теңге көлемінде несие алған. Дәл сол жылы компания өз иелеріне 10 млрд теңге дивиденд төлеген.
— Ойланып көріңіздерші, бұл қарыз сомасынан екі есе дерлік көп. Бұл ақылға қонымсыз. Топ-менеджерлердің қаржылық баюы мемлекет алдындағы қарызды өтеу міндетінен жоғары тұрғаны ма? — деп ашуланды ол.
Сөз соңында Елнұр Бейсенбаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен даму институттарын түбегейлі реформалау қажеттігін мәлімдеді.