«Арамтамақ» деген айыпқа жазушы не деді

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Жазушы Бақытгүл Сәрмекова қоғамда жиі айтылатын «жазушылар арамтамақ», «өкімет асырап отыр», «халықтың мәселесінде бас көтермейді» деген пікірлерге қатысты әлеуметтік желіде ашық пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, жазушылардың бәрі мемлекеттен күн көріп отырған жоқ. Керісінше, көпшілігі қарапайым еңбекпен нәпақасын тауып жүр.

«Мен де жазушымын, кәдімгі одақ мүшесімін, куәлігім бар. Бірақ өз күнімді өзім көріп жүрген саудагермін», – дейді ол.

Автордың сөзінше, бүгінгі таңда жазушылардың бірі базарда, бірі құрылыс саласында, енді бірі тамақ пісіріп немесе көтерме саудамен айналысып жүр. Сонымен қатар, олар да өзге азаматтар сияқты ай сайын салық төлейді.

«Мен сияқты қаншама жазушы бірі базарда, бірі оптовик, бірі құрылыста, бірі тамақ пісіріп жұмыс жасап жатыр. Ай сайын өкіметке налог та төлеп отырмын», – деп жазады Сәрмекова.

ҮНДЕМЕУ – ҚОРҚАҚТЫҚ ЕМЕС

Жазушы кейбір әлеуметтік, саяси мәселелерге үн қоспауын қорқақтық немесе жалтақтық деп қабылдауға қарсы.

«Ал, кейбір мәселелерде үн қоса алмасам, бұл қорқақтығым, жалтақтығым емес. Үндемеуге қақым бар. Жазушы да биші, суретші, әнші сияқты көркем өнер иесі, дәрігер, жүргізуші, құрылысшы, кәсіпкер, мұғалім сияқты қарапайым мамандық иесі. Айқайлау – науқан, бір реттік күрес. Ал, “1984” сияқты шығарма – мыңжылдық күрес», – дейді ол.

Сондай-ақ, ол Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» кітабын атап өтіп, науқан кезінде шуламағанымен, қоғамдағы ауыр оқиғаны жылдар бойы еске салатын шығарма екенін алға тартты.

«Әлеуметтік желіге ойбайлап жазған постыңды ел есінде неше күн сақтайды?» – деп сауал тастайды ол.

БҰҒАН ДЕЙІН

Журналист Нәзия Жоямерген әлеуметтік желіде жазушылар мен ақындарға қатысты қоғамда жиі көтерілетін талаптарға сыни көзқарасын білдірді.Автордың айтуынша, жазушылар мен ақындарды мемлекет тарапынан ерекше қолдауды талап ету — қисынсыз.Сондай-ақ ол ұлттық мүдде мен халықтың нақты мәселелері көтерілген сәттерде көптеген ақын-жазушылардың үнсіз қалатынын сынға алды.