Ресей әскері Купянск қаласын толықтай бақылаудан айырған — бұл туралы ресейлік Z-арналар хабарлады, деп жазады Ulusmedia.
Мән-жай
Олардың мәліметінше, қазіргі таңда Ресей қарулы күштері Купянск аумағында бірде-бір учаскені бақылап отырған жоқ. «Рыбарь» Telegram-арнасы Ресей әскерінің Оскол өзенінің батыс жағалауындағы плацдармнан айырылғанын, ал қаланың өзіндегі ахуалдың «одан да күрделі» екенін атап көрсетеді. Қорғаныс шептері жүйесіз күйге түскен.
Z-арналардағы талдауларға сүйенсек, жағдайдың бұлай ушығуына майдандағы «жетістіктерді асыра көрсету» мен жоғары басшылыққа нақты емес ақпарат беру себеп болған. Соның салдарынан Купянск бағытында қолданылуы тиіс резервтер өзге өңірлерге бағытталған.
«Два майора» Z-арнасының жазуынша, Купянскіні «басып алу» туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтер резервтердің дер кезінде бөлінбеуіне әкелген. Нәтижесінде әскерилер тіпті өздері бақылауға алған аумақтарда да толыққанды бекіне алмаған.
Ал «Военный обозреватель» Z-арнасы алдағы уақытта «Купянск азат етілді» деген хабарды үшінші мәрте естуіміз мүмкін екенін ирониямен жеткізді.
Контекст
Ресей президенті Владимир Путинге Купянскіні Ресей әскері бақылауға алды деген ақпарат алғаш рет 29 қарашада ұсынылған. Желтоқсан айының басында Путиннің өзі қаланың бір аптадан бері Ресей әскерінің қолында екенін мәлімдеген.
Алайда 12 желтоқсанда Украина президенті Владимир Зеленский Купянскіге сапармен барған. Ал 19 желтоқсанда өткен тікелей эфир кезінде Владимир Путин украин басшысының бұл сапарына қатысты видеоны «жалған» дегенге меңзеп, қаланың Ресей бақылауында екенін қайталаған.
Соғысты зерттеу институтының (ISW) мәліметінше, Купянск қаласының басым бөлігін Украина қарулы күштері бақылауда ұстап отыр.
Ал Украина Қорғаныс министрлігіне жақын DeepState жобасы Купянск маңындағы ахуалды көрсететін картасын 12 желтоқсаннан бері жаңартпаған.