Зеленский: Ресей Қытай спутниктерінің деректерін пайдалануы мүмкін

Ulysmedia
Украина президенті Владимир Зеленский. Фото: sb.by

Украина президенті Қытай спутниктерінің ел аумағын түсіруі мен Ресейдің соққылары арасында байланыс бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылым нысандарына соққы жасау кезінде қытайлық компаниялар ұсынған спутниктік түсірілімдерді пайдалануы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл жөніндегі болжамын Украина басшысы бейсенбі, 24 желтоқсанда Х әлеуметтік желісінде жазды.

Зеленский Украина тарапы Қытай спутниктерінің ел аумағын түсіруі мен одан кейінгі Ресейдің энергетикалық нысандарға жасаған шабуылдары арасында сәйкестік байқап отыр. Ол Украина сыртқы барлау қызметінің басшысы Олег Иващенкомен өткен кездесуден кейін алынған мәліметтерге сүйене отырып, «ғарыштық барлау деректерін ұсынуы мүмкін Қытайдағы құрылымдар мен Ресей арасындағы байланыстардың күшейгенін» айтты.

Украина президенті бұл мәселені одақтастарымен талқылауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер төрт жылға жуық уақытқа созылған соғысты аяқтауға бағытталған дипломатиялық күш-жігерге нұқсан келтіреді.

Контекст

Өткен аптада Украина сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сергей Кислица Пекинде Қытай сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Биньмен кездескен. Келіссөздер барысында соғыс тақырыбы да талқыланған.

2023 жылы Джо Байден әкімшілігі тұсында АҚШ Украина аумағының спутниктік суреттерін Ресейдің технологиялық компаниясына берген болуы мүмкін деген күдікке ілінген қытайлық компаниялардың біріне қарсы санкциялар енгізген. Бұл мәселе америкалық тараптың Пекинмен жүргізген келіссөздері барысында да көтерілген.