Қазақстанда жаңа 500 теңгелік таныстырылды

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

25 желтоқсанда Ұлттық банк жаңа дизайндағы 500 теңгелік банкнотты айналымға шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл — «Сақ стилі» сериясындағы бесінші купюра. Жаппай қолданысқа ол 2026 жылдың екінші тоқсанында енгізіледі. Себебі банкноттарды елдің барлық өңіріне жеткізу және банкомат, терминал сияқты техниканы бейімдеу үшін уақыт қажет.

ДИЗАЙН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Жаңа 500 теңге көк түсті болып қалады. Алдыңғы бетінде «Өмір ағашының» бұтағы мен қалықтаған құс (Алтын адамның бас киіміндегі деталь), ДНҚ спиралі, оюға бейімделген шексіздік белгісі және Берел қорғандарынан табылған арқар басы бейнеленген. Артқы бетінде — арқар мен сәнделген қалқан. Орнаментте төрт тарапты білдіретін ежелгі белгі, ортасындағы күн символы — өмір мен энергияны, қалқан — құндылықтарды қорғауды меңзейді. Фон ретінде Мұзтау тауының көрінісі берілген.

ЕСКІ КУПЮРАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

2017 жылғы үлгідегі ескі және жаңа банкноттар екі жыл қатар қолданылады. 25 желтоқсан 2027 жылға дейін ескі купюралар заңды төлем құралы болып қала береді. Кейін 2030 жылдың 24 желтоқсанына дейін оларды кез келген банк пен «Қазпошта» бөлімшесінде жаңа банкнотқа айырбастауға болады. Ұлттық банк филиалдары ескі купюраны мерзімсіз қабылдайды.

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

2026 жылы Ұлттық банк жаңа 20 мың теңгелік банкнот шығаруды жоспарлап отыр. Бұған дейін 2011 жылғы үлгідегі 5 мың теңгелік купюралар айналымнан шығарылды. 2026 жылы 2 мың және 10 мың теңгелік ескі банкноттар, ал 2027 жылы 1 мың теңгелік купюралар қолданыстан шығады.