BBC, «Медиазона» және ашық деректерді зерттеген еріктілер Украинадағы соғыс кезінде қаза тапқан 158 143 ресейлік әскери қызметкердің есімін анықтады. Олардың 55 пайызы – соғыс басталғанда армиямен байланысы жоқ, кейін мобилизацияланған, еріктілер немесе түрмеден алынғандар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2025 ЖЫЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ
2025 жылы кемінде 33 203 ресейлік әскери қаза тапқаны белгілі. Бұл көрсеткіш әзірге 2024 жылғы деңгейден төмен (сол жылы 64 950 адам қаза тапқан). Дегенмен жаңа деректер әлі де түсіп жатыр, сондықтан нақты қорытынды жасауға бірнеше ай қажет.
НЕКРОЛОГТАРДЫҢ ӨСІМІ
2025 жылы өткен жылға қарағанда 40 пайызға көп некролог жарияланды. Бұл сан нақты шығынға тең емес, себебі тексеру барысында кей деректер алынып тасталады. Соған қарамастан, 2025 жыл ресейлік армия үшін ең қанды кезең болуы ықтимал.
ШЫНАЙЫ ШЫҒЫНДАР
Әскери сарапшылардың айтуынша, ашық деректер арқылы анықталған шығындар нақты көрсеткіштің 45–65 пайызын ғана қамтиды. Себебі соңғы айларда қаза тапқандардың денесі әлі де майдан даласында қалып қоюы мүмкін, эвакуация дрон соққыларына байланысты қауіпті.
ЖАЛПЫ ЕСЕП
Осы бағалауға сүйенсек, Ресейдің нақты шығыны 243 300 – 351 400 адам аралығында болуы ықтимал. Бұған қоса, өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск құрылымдарының шығындары да бар. 2022 жылдың соңынан бері олар ресми дерек жарияламайды. Некрологтар мен хабар-ошарсыз кеткендерге сүйенсек, алғашқы жылы 21 000 – 23 500 адам қаза тапқан. Кейінгі шығындар Ресей армиясының құрамында есептелді.
Жалпы алғанда, Украинаға қарсы соғысқан проресейлік күштердің шығыны 264 300 – 374 900 адамға жетуі мүмкін.