Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мемлекеттік құпияны білетін экс-шенеуніктерге елден шығуға тыйым салу керегін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Депутат facebook парақшасында Назарбаевтың Путинмен кездесуіне қатысты пікір білдірген. Ол мемлекеттік құпияны білетін кез келген шенеунікке елден шығу мүмкіндігін реттейтін заң керегін айтады.
- Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазымгер болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар. Қалай ойлайсыңдар, заңгер-депутат әріптестер, біз осындай заңға бастамашылық жасай аламыз ба?, – дейді депутат.
Ол бұл сауалын депутат Абзал Құспан, Марат Башимов, Бақытжан Базарбек пен Үнзила Шапаққа бағыттаған.
- Бұны сіздерден ерекше сұрап отырған себебім - Қытайдағы сияқты шетке шығуды шектейтін заң біздің елдің халықаралық міндеттемелері мен мемлекетаралық конвенцияларға қаншалықты қайшы келуі мүмкін? Мәселен, біз депутат ретінде мұндай мемлекеттік құпиялық қажеттілікке мойынсұнуға мәжбүрміз.
Ал бұған және Қожамжаров сияқты басқаларға елдің қауіпсіздік қамына орай күні бұрын шекаралық "қызыл жалауша" қоюға болмай ма? Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі "қызыл иті" елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе?, – дейді Ермұрат Бапи.
КЕЗДЕСУ
Еске салайық, 28 желтоқсанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен болатын.