Қытай ядролық нысандарын жаңғыртып жатыр

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Қытай ядролық оқтұмсықтардың құрамдас бөліктерін өндіруге қатысты құпия нысандар желісін қарқынды түрде жаңғыртып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

The Washington Post басылымы сарапшылар талдаған спутник суреттерін нәтижесін жариялады. Газет мәліметінше, бұл жұмыстар Пекиннің ықтимал шабуыл жағдайында жедел қарымта қайтару мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған және бұған дейін назардан тыс қалып келген Қытайдың ядролық инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың жаңартылып жатқанын аңғартады.

Спутниктік суреттерді Венадағы Open Nuclear Network ұйымы мен Лондонда орналасқан VERTIC орталығының сарапшылары зерттеген. Олар алынған деректерді бұрын құпия болып, кейін жарияланған құжаттармен, ғылыми еңбектермен және әскери техниканың қозғалысы жөніндегі мәліметтермен салыстырған. Нәтижесінде ядролық оқтұмсықтар өндірісімен байланысты кемінде алты нысан анықталған.

The Washington Post дерегінше, кеңейту және жаңғырту жұмыстарының ең қарқынды кезеңі 2021 жылдан басталған. Мәселен, соңғы бес жыл ішінде Сычуань провинциясындағы таулы аймақта орналасқан, сарапшылар плутоний өзектерін өндірумен байланыстыратын кәсіпорында ауқымды жаңарту жүргізілген. Онда күзет аймағы ұлғайтылып, ғимараттар жаңартылған және жаңа құрылыс алаңдары іске қосылған.

Осындай жұмыстар Сычуаньдағы тағы бір нысанда да байқалады. Сарапшылардың пікірінше, оның ядролық реакцияны іске қосатын жарылғыш компоненттерді өндіруге қатысы болуы мүмкін. 2021 жылдан бері бұл аумақта қоршау тұрғызылып жатыр, ол жаңа қойма салумен байланысты болуы ықтимал. Сонымен қатар 2024 жылы Цзытун уезінде аумағы шамамен 40 мың шаршы метрді құрайтын жаңа нысанның құрылысы аяқталған. Бұл нысан оқтұмсықтардың құрамдас бөліктерін құрастыру және дайындау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Сарапшылардың бағалауынша, жақын болашақта Қытайдың ядролық арсеналы АҚШ-пен тең деңгейге жетуі екіталай. Дегенмен ядролық бағдарламада жүріп жатқан кешенді өзгерістер Пекиннің ұзақ мерзімді қарулану жарысына дайындалып жатқанын көрсетеді.

Бұған дейін Reuters агенттігі Пентагонның құпия баяндамасына сілтеме жасап, Қытай 2030 жылға қарай ядролық оқтұмсықтар санын мыңнан асыруы мүмкін екенін және Тайвань төңірегіндегі жағдай ушығып тұрған тұста әскери дайындықты жеделдетіп жатқанын хабарлаған болатын.