Ақмола облысында мас әйел сәбиін емізіп отырып ұйықтап, оны абайсызда тұншықтырып алған

Pixabay.com

Ақмола облысында мас күйде болған әйел сәбиін емізіп отырып ұйықтап кеткен. Нәресте тұншығып көз жұмды. Ақкөл аудандық соты әйелге бір жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға мән-жайы

Сот анықтағандай, әйел қонақтан үйіне алкогольдік ішімдік ішіп оралған. Түнде ол баласын емізе бастаған, алайда ұйықтап кеткен. Оянған кезде нәрестенің дем алмай жатқанын байқаған.

Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері баланың тұншығып қайтыс болғанын анықтаған.

Әйелге Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігі — абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бойынша айып тағылған. Іс кінәні мойындау туралы келісім негізінде қаралды.

Сот әйелдің шын жүректен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал қылмысты мас күйде жасауы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Үкім әзірше заңды күшіне енген жоқ.

Бұл бап бойынша ең жоғары жаза — үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Контекст

Ақтөбе соты балаларын тұншықтырып өлтірген 29 жастағы әйелді қылмыстық жауапкершіліктен босатқанын хабарлаған едік.

Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, екінші баласын босанғаннан кейін әйел депрессияға ұшыраған. Ол өмір сүргісі келмейтінін, балаларының болашағы жоғын айтқан. Сарапшылар оған суицидке бейім параноидалды шизофрения диагнозын қойған. Күйеуі оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, емдеуді сұраған.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі бойынша, Атырау облысының 29 жастағы тұрғыны психиатриалық клиникада ем алады.