Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 1990-жылдары ірі мұнай компанияларымен жасалған келісімшарттарды қайта қарау мәселесін Парламенттің төменгі палатасы көтеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ulysmedia.kz North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) — Қашаған кен орнын игеруші оператор тарапынан болған экологиялық бұзушылықтарға қатысты депутатқа сұрақ қойған болатын. Ермұрат Бапи өзін мұнай саласының маманы емес екенін атап өтті, алайда депутаттар 2026 жылы Қазақстандағы барлық мұнай компанияларының қызметіне қатысты мәселелерді көтеруді көздеп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, ең өзекті тақырыптардың бірі — көмірсутек өндіруден түсетін табысты бөлу мәселесі.
— Мен бұл саланың маманы емеспін, сондықтан тереңірек пікір айта алмаймын. Бірақ жалпы Қашаған мәселесі — өнімнен түсетін табысты бөлу тұрғысынан алдағы үлкен талқылаудың бір бөлігі. Біз 90-жылдары жасалған барлық келісімшарттарға қатысты сұрақтарды көтеруді жоспарлап отырмыз. Ол келісімдер қоғамның қатысуынсыз, жабық жағдайда қабылданған, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, аталған келісімдердің басым бөлігі елде маңызды шешімдер тар шеңберде, қоғамдық бақылаусыз қабылданған кезеңде жасалған.
— Бұл өте ауқымды мәселе. Әсіресе 90-жылдары бір адамның шешімімен, бір басшының нұсқауымен бекітілген келісімдер туралы сөз болып отыр. Менің ойымша, қоғам барлық «құпияны» білуі тиіс, — деп түйіндеді Ермұрат Бәпи.