ҚазТаг бас редакторының үйі тінтілді

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

ҚазТаг ақпарат агенттігінің бас редакторы Амир Қасеновтың пәтерінде тінту жүргізілгенін оның адвокаты Сәлімжан Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҰСТАЛУ ОҚИҒАСЫ

23 желтоқсан күні кешке Астанада Қасенов тергеу іс-шараларына шақырылып, кейін Есіл аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша қамау изоляторына қамалды. Полиция оның ұсталғанын растады.

ІСТІҢ НЕГІЗІ

Тергеу жеке компанияның шағымы бойынша басталған. Компания журналист бірнеше рет жалған ақпарат таратып, беделіне нұқсан келтірді деп мәлімдеген. Бұған дейін Асет Матаев пен Амир Қасенов Freedom Finance компаниясының арызы негізінде қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған.

Оларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабы – «Көрінеу жалған ақпарат тарату» айыбы тағылған.

Агенттік жариялаған материалдарда өзін жәбірленуші деп таныстырған адамдардың әңгімелері мен тараптардың пікірлері келтірілген. Журналистер бұл деректердің барлығы нақты фактілерге сүйенгенін, жалған ақпарат жоқ екенін айтады.

Freedom Finance өз кезегінде жарияланымдарды бұрмаланған деп санайтынын мәлімдеген.

МИНИСТРЛІКТІҢ ҰСТАНЫМЫ

Мәдениет және ақпарат министрлігі қылмыстық процеске араласа алмайтынын атап өтті.