Ресей дипломаттары Ақтау маңындағы әуе апатының тергеуі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін деген әзербайжандық әріптестерінің алаңдаушылығына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘЛІМЕТТЕР
Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузиннің айтуынша, Ресей Ақтау маңында құлаған AZAL ұшағына қатысты тергеу жүргізу және трагедиядан кейінгі шаралар бойынша Владимир Путин мен Ильхам Алиев арасында 9 қазанда Душанбеде қол жеткізілген барлық келісімді толық орындайды.
Оның сөзінше, Мәскеу Баку және Астанамен тығыз үйлесімде жұмыс істеп, деректер алмасу арқылы оқиғаның толық мән-жайын анықтауға ниетті. Сондай-ақ Ресей зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлеу жөніндегі міндеттемелерін де орындайды.
– Ресей мен Әзербайжан басшыларының биыл 9 қазанда Душанбеде, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы аясында өткен кездесуі қорытындысы бойынша жасалған барлық келісімдерді толық көлемде орындауға ниеттіміз. Ресей президенті Владимир Владимирович Путин айтқандай, «мұндай қайғылы жағдайларда қажет болғанның бәрі Ресей тарапынан жасалады», – деді Михаил Галузин (РИА Новости мәліметі бойынша).
Айта кетейік, сөз болып отырған әуе апаты Ақтау маңында орын алған AZAL ұшағының құлауына қатысты.
ҰШАҚ АПАТЫ
2024 жылдың 25 желтоқсанында Әзербайжан әуе компаниясы AZAL-дың Баку – Грозный бағыты бойынша ұшқан ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бортта 67 адам болған: 37-сі Әзербайжан азаматы, 16-сы Ресейден, 6-ы Қазақстаннан, 3-і Қырғызстаннан. Қайғылы оқиғада 38 адам қаза тапты, олардың ішінде үш экипаж мүшесі, екі ұшқыш бар.